Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасалды
Жүргізуші жарақат алды
Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Науқастың туысы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрып құлатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оқиға кеше Еңбекшіқазақ ауданында болған. Сағат 16:17-де 23-бригаданың 22 қосалқы станциясының фельдшері С.А.Елекенов Есік қаласына қарасты Саяжайға шақырту бойынша шыққан. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты команда шақырылған жерге 16:32-де жеткен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенше науқас өліп кеткен.
«Фельдшер Елекенов пен жүргізуші Молдахметовтың айтуынша, жедел жәрдем келгенде оларды ер адам агрессивті жағдайда қарсы алған. Науқасты тексерген фельдшер науқастың биологиялық өлімі туралы мәлімдеген. Әкесінің қайтыс болғанын естіген ер адам пышақ алып, жедел жәрдемге қызметкерлеріне қарай жүгірген. Марқұмның туыстары мәйітті көлікке күштеп салған. Кейінірек марқұмның ұлы анайы сөздер айтып, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Молдахметовты бетке, дәлірек айтсақ, мұрын тұсынан ұрды. Жүргізуші жерге құлап, басын асфальтқа соқты», - деп хабарлады Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз жетекшісі Ләйлім Әубәкірова.
Бет сүйегі сынып, миы шыйқалған жүргізушіге оқиға орнында медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызылған. Аталған жағдаймен полиция айналысып жатыр. Облыста соңғы 6 айда жедел жәрдем бригадасына ашулы тұрғындар тарапынан бес рет шабуыл жасау оқиғасы тіркелген.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы