Петропавл тұрғыны көшедегі коммуналдық көлікті айдап әкетпек болды
Жыл басынан бері облыста осыған ұқсас 8 факті тіркелді
Петропавлда көшеде тұрған коммуналдық көлікті айдап әкетпек болған қала тұрғыны ұсталды. Қар тазалаушы мекеме қызметкері кеңсеге кіріп, тракторды жол жиегінде қалдырып кеткен. Жанынан өтіп бара жатқан мас жүргінші көлікті оталдырып, қала көшелерінде жүрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Полицейлер анықтағандай, қар тазалаумен айналысатын серіктестік жұмыскерлерінің бірі өзінің «МТЗ-80.1» тракторын Жамбыл мен Челюскин көшелерінің қиылысында қалдырған. Қозғалтқышында ақау шыққанын байқаған ол қажетті қосалқы бөлшекті алу үшін кәсіпорынға барған. Ол болмаған кезде үйіне бара жатқан мас ер адам тракторды оталдырып, қала көшесінде жүрген. Партизанская көшесінде сол кәсіпорынның басқа механизаторы таныс техниканың рөлінде бөгде адамның отырғанын байқап, оны тоқтатқан. Патрульдік полицейлер де сол сәтті жақын маңда болған.
Айыпталушы Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғыны орын алған оқиға ішімдіктің кесірінен болғанын айтып ақталып отыр. Масаң күйдегі әрекеттің соңы ауыр салдарға әкеп соқтырды. Қазіргі таңда сот шешімімен ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 6-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша әкімшілік қамаққа алынды. Бұдан бөлек, аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Автокөлікті заңсыз иемдену фактілерінің дені алкогольдік ішімдіктерді қолданумен байланысты орын алады. Жыл басынан облыста ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы бойынша 8 факті тіркелді. Олардың барлығы ашылды», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО