Оралда зейнеткерді қағып өлтірген жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен
Ұсталған жүргізуші бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Оралда зейнеткерді қала орталығындағы жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып кетті. БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәліметінше, оқиға 10 наурыз кешке Сарайшық көшесінде болған. Сағат 19:45-те белгісіз жүргізуші «Ауди» автокөлігімен реттелмейтін жаяу жүргінші өткелінен өтіп бара жатқан 1956 жылғы ер адамды қағып, қашып кеткен.
«Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді, онда біраз уақыттан кейін қайтыс болды. Полиция департаменті қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде 1968 жылғы жүргізуші анықталып, ұсталды. Ол Орал қаласының тұрғыны болып шықты. Audi 80 автокөлігі арнайы тұраққа қойылды», - деді БҚО ПД баспасөз қызметінің өкілі Мөлдір Садырғалиева.
Қазір Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігіне (абайсызда адам өліміне соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған жүргізуші бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.