Алматыда бір отбасы түгел газдан уланып қалды
Оқиға орнында төтенше жағдай департаментінің мамандары мен полицейлер жұмыс істеп жатыр
Алматы қаласы Алатау ауданындағы жер үйлердің бірінде газ құрылғысынан шыққан табиғи газға 7 адам уланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «АлматыГазСервис» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Олар түнгі уақытта ашық қалған газ плитасының тұтқасына мән бермеген деген болжам бар. Сағат 00:22 шамасында төрт бала мен үш ересек адам ауруханаға жеткізілген. Балалардың үлкені 6 жасар, ең кішісі бір жасқа да толмаған», делінген хабарламада.
Иіс тиген отбасы мүшелері Алматыдағы шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында алғашқы дәрігерлік көмек алды.
Боралдай шағын ауданындағы Османов көшесіне «Алматыгазсервис-Холдинг» компаниясы табиғи газ желісін тартқан. Оқиға орнында төтенше жағдай департаменті мамандары мен полиция жұмыс істеп жатыр.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы