СҚО-да қалың қардан өрт сөндірушілер өртенген үйге жете алмады
Өрт сөндірушілер ауылға тез жеткенімен, үйге жақын келе алмаған
Солтүстік Қазақстан облысындағы Надежка ауылында жер үй өртеніп кетті. Төтенше жағдай мамандары елдімекенге жеткенімен, баспананы сақтап қала алмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Өрт сөндірушілердің кеш келуіне ауыл ішінің қардан тазаланбауы себеп болды. Өрт сөндіретін көлік қарға батып қалған. Осыны көрген бұқара енді қауіпсіздік үшін алаңдай бастады.
Өртеніп жатқан үйге жете алмай жатқан техниканың видеосы қазір желіде қызу талқыланып жатыр. Қалың қардан өрт сөндіру көлігі жалынның ошағына жете алар емес. Бұл үйде жалғыз тұрған Дмитрий Симашев сол күнді еске алса, өзін қояр жер таппайды екен. Себебі, тілсіз жау оның баспанасы мен темір тұлпарын күлге айналдырды.
«Үй өртеніп жатқан кезде мен ұйықтап жатқанмын. Кейін оянып, далаға шығып кеттім. 150-200 метрдей жол мүлдем тазаланбаған. Егер жол таза болса, құтқарушылар үйімді сақтап қалар еді», - дейді үй иесі Дмитрий Симашев.
Үйдің түтіндеп жатқанын көршілері байқапты. Бір сағаттан кейін өрт сөндірушілер де ауылға жеткен. Бірақ үйге жақындау мүмкін болмапты. Ауыл тракторы жолды тек жарты сағаттан кейін тазалап болған. Бірақ бұл сәтте жалын бүкіл үйді орап алғандықтан, құтқарушылар нысанды сақтап қала алмағанын жеткізді.
«Өрт сөндіру бекеті мен Надежка ауылының екі ортасы 45 шақырым. Біз 58 минут жүріп бардық. Бірақ үйден 400 метр қашықтықта қалың қар жатты. Біз бірден ұзын құбырды созуға тырыстық. Бірақ үй бәрібір өртеніп кетті. От сағат 21-45те толық ауыздықталды. Алдын ала болжамға сәйкес өрт сымдардың тұйықталуынан шыққан», - деді СҚО ТЖД апат тәуекелін төмендету және бақылау басқармасының басшысы Дмитрий Растихин.
Қар күреп, тілсіз жаумен күресуге септескен көршілер енді өз қауіпсіздіктеріне алаңдап отыр. Себебі, ауылда жолдар мүлдем тазаланбайтынын айтады.
«Әкімдік бұл мәселеден хабардар. Өрт шыққаннан кейін табан астынан техника да табылды. Сонда соған дейін тазалап қоюға болмады ма? Бізде жолдар тек ауыл ортасындағы дүкенге дейін ғана тазаланады. Жедел жәрдем де бұл жерден ылғи өте алмайды», - дейді ауыл тұрғыны Александр Баутин.
Жергілікті билік өкілдері оқыс оқиғаның сәтсіз аяқталуына ауа райының қолайсыздығын себеп қылып отыр. Соңғы кезде борандар жиілеген соң, техника қарды жинап үлгере алар емес дейді.
«Бораннан кейін ең алдымен күре жол тазаланады. Кейін ауылдың ішіндегі әлеуметтік нысандар мен дүкендердің жолдарын қардан аршимыз. Бұл жолы ауыл көшелеріндегі қарды күреп үлгермедік. Елдімекенде техника тапшы. Жетпегендіктен, оны кейде басқа ауылдардан жалдап алуға мәжбүрміз», - деді СҚО Қызылжар ауданы Куйбышев ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Айбек Тұрагелдиев.
Сөйтіп, Дмитрий Симашев өзінің баспанасыз қалғанын шенеуніктерден көрсе де, сотқа арызданбайтынын жеткізді. Үй иесі қазір құжаттарын қалпына келтіріп, өтемақы алуға бекініп отыр. Айта кету керек, жыл басынан бастап аймақта 150-ге жуық өрт тіркеліп, 22 адам бақилық болған.