Контейнерден денесі табылған келіншектің сөмкесінде 5 млн теңге болған
Келіншек әлдебір қаржылық пирамидаға ақша салу үшін біраз туысынан қарыз алған екен
Кеше түнде Майқұдық ауданындағы темір контейнерден денесі табылған Қарағанды қаласының тұрғыны, 38 жастағы Жанар Бөлегенованың өліміне ақша себеп болған, деп жазады Nur.kz.
Келіншек шаруаларымен үйден шыққан сәтте оның қалтасында 5 миллион теңге болған. Ол тезірек қайтамын деп айтқан.
Жақын туыстарының айтуынша, Жанар әлдебір қаржылық пирамидаға ақша салу үшін біраз туысынан қарыз алыпты. Бірнеше уақыттан кейін пайда тауып, қарызын қайтаруды жоспарлапты.
Бес миллион теңге жинаған ол қаржыны салуға көмектесуі тиіс адамдармен кездесуге шыққан.
Алайда, әйел адам 29 қараша күні кешке үйіне оралмаған. Екі баласы мен күйеуі оны күні бойы, 30 қарашаға дейін күтеді. 1 желтоқсан күні олар полицияға арызданған соң, іздеу жұмыстары басталған.
Айта кетсек, 3 желтоқсан күні түнде Жанар Бөлегенованың зорлықпен өлтірілген денесі металл контейнердің ішінен табылған болатын. Полиция қызметкерлері қылмысты тез арада ашты. Күдікті адам оның бұрынғы әріптесі, 36 жастағы қаржыгер болған. Қайтыс болған Жанар бухгалтер еді.