Әйгілі опера әншісі Павлодар облысында жол апатына ұшырады
Италияда тұратын Мария Мудряк көп жылдан бері әлемдік сахнада өнер көрсетіп жүр
Әлемге танымал әйгілі опера әншісі Мария Мудряк Павлодар облысында жол-көлік апатына ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодарға бара жатқан жолда көктайғақтан әншінің көлігі екі рет аударылып, жол жиегіне шығып кеткен.
«Мен Қазақстанда жүрмін. Кешегі күнді біздің екінші туған күніміз болды десем де болады. Ең алдымен, қиын сәтте жақсылық жасап, қолдау көрсеткен жанашыр әрі қамқор жандарға отбасымыздың атынан алғыс айтамын. Олар жол апатына түскенімізде, бізге жұмыла көмек беріп, қол ұшын созды!», - деп жазды әнші Instagram желісіндегі парақшасында.
Көлік апатынан ғайыптан тірі қалғандарын айтқан ол жолда өтіп бара жатқан көліктердің бәрі тоқтап, өздеріне көмек көрсеткенін жеткізді.
«Көлігімізді 15 шақты адам жабылып жүріп, қар құрсауынан шығарып алды. Олардың аты-жөндерін де білмеймін, бірақ осындай мейірімді адамдар бар кезде, әлемнің тынысы тоқтап қалмайтынын анық. Біздің қазақстандықтар осындай мейірімді ғой! Бәріңізге алғысымды білдіремін!» - деп жазды әнші.
Айта кетсек, қазақстандық опера әншісі Мария Мудряк көп жылдан бері Италияда тұрады және әлемнің ең танымал сахналарында өнер көрсетіп жүр.