«Қарасу» өткізу пунктінде контрабандалық жүк ұсталды
Сондай-ақ құны 48 млн теңгеден асатын дәрі-дәрмекті заңсыз өткізбек болғандардың жолы кесілді
Жамбыл облысыдағы «Қарасу» өткізу пунктінде контрабандалық жүк ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2021 жылғы 4 наурызда ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаменті «Қарасу» автокөліктік өткізу пунктінде Бішкек (ҚР) қаласынан Екатеринбург (РФ) қаласына бағыт алған Қырғызстан азаматының басқаруындағы «Reno RV1» маркалы автокөлігінен жаяу әскерінің ұрыс машинасына арналған қосалқы бөлшектерін анықтады. Құжат бойынша ол «Т-150 РЖ» тракторының бөлшектері деп көрсетілген.
Ұсталған жүк Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне берілді.
«Ал 5 наурызда дәл осы өткізу пунктінде Қазақстан аумағынан Қырғызстанға медициналық дәрі-дәрмектің ірі партиясын алып өтпек болғандардың жолы кесілді. Құны 48 млн теңгеден асатын 50-ге тарта қораптан тұратын жүктің рұқсат құжаттары болмай шықты», - делінген хабарламада.
Қазақстан аумағынан соңғы аптада медициналық тауарларды заңсыз жолмен шығарудың бұл бірінші әрекеті еместігін айта кету қажет.
Ұсталған жүк Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне өткізілді.
Қазақстандық шекарашылар Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту және контрабандалық жолмен жүктерді өткізу арналарының жолын кесу бойынша белсенді іс-шараларды жалғастыруда.