Павлодарда жол апатынан зардап шеккен сәби жансақтау бөлімінде көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Сәби 3 желтоқсанда санавиация арқылы Ақтоғай аудандық ауруханасынан облыстық балалар ауруханасына жеткізілген болатын

Павлодарда жол апатынан зардап шеккен кішкентай қыз жансақтау бөлімінде көз жұмды. Сәби 3 желтоқсанда санавиация арқылы Ақтоғай аудандық ауруханасынан облыстық балалар ауруханасына жеткізілген болатын, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Еске сала кетейік, 2 желтоқсанда Kia Rio және ВАЗ 2109 автокөліктерінің қақтығысынан кейін екі адам қаза тапқан еді. Оқиға орнынан Ақтоғай аудандық ауруханасына 7 адам түскен, олардың бесеуі – 1 жастан 17 жасқа дейінгі балалар болған.

Жол-көлік оқиғасы сағат 19:15-те Ленин-Ертіс - Русская поляна тасжолының бойында, Мүткенов ауылының жанында болған еді.

Санавиация арқылы облыстық ауруханаға екі ересек және төрт бала жеткізілді. Ал ең кішкентай зардап шеккен бала аса ауыр жағдайда, яғни, көптеген сынықтар, соның ішінде, бас сүйегінің ауыр соққы алуы, мидың зақымдалуы, комотоздық күйге түсуіне байланысты аудандық ауруханада қалған болатын.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала бөлімінің басшысы Гүлнар Жармакинаның мәлімдеуінше, дәрігерлер оның өмірі үшін соңына дейін күрескен.

«Баланың ауыр жағдайына байланысты санавиация қызды облыс орталығына тасымалдай алмады. Бүгін біздің мамандар тікұшақпен баланы алып кетті. Өкінішке қарай, сәби облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылғаннан кейін бір сағаттан соң қайтыс болды. Оның ағалары мен әпкелері осы емдеу мекемесінде, біреуі - травматология бөлімінде, екеуі реанимация бөлімінде жатыр», – деді Гүлнар Жармакина.

Бұдан басқа, облыстық полиция департаментінде жол апатына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіндегі «Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы ережелерін бұзуы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.