Екі полицейдің өмірін қиған Щучинскідегі жол апатына кінәліге қатысты сот үкімі шықты
Кінәлі 15 жылға бас бостандығынан айырылды

2020 жылдың қазанында Щучинск қаласында болған жол апатына байланысты сот аяқталды. Сол кезде Lexus автокөлігін мас күйінде басқарған жүргізуші қатты жылдамдықпен полиция көлігін соққан. Ол апат болған жағдайға дейін жүргізуші куәлігінен айырылған.
Апат салдарынан екі тәртіп сақшысы Қанат Отарбаев пен Қанат Хамидуллин қайтыс болды. Сот азаматты екі адамның өліміне кінәлі деп таныды.
Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын жалпы колонияда өтейді. Сондай-ақ қаза болғандардың отбасына 10 миллион теңгеден төлейді.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2020 жылдың 15 қазанында болды. Щучинск қаласындағы Абылайхан және Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы «Мебелин» дүкенінің жанында жол апаты болып, Lexus NX20 көлігінің жүргізушісі Бурабай аудандық полиция бөліміне тиесілі Lada-21214 қызметтік көлігіне соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан полиция қызметкерлері - Қанат Хамидуллин мен Қанат Отарбаев көз жұмды. Полиция капитаны Қанат Айдарбекұлы Отарбаев ішкі істер органдарында 16 жыл қызмет еткен. Қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін 22 рет көтермеленген. Артында жұбайы мен үш баласы қалды, олардың ең кішісі 3 жаста.
Полиция капитаны Қанат Болатұлы Хамидуллин ішкі істер органдарында 12 жыл қызмет еткен және осы уақыт ішінде 23 рет көтермеленген. Марқұмның артында жүкті әйелі мен жеті жасар ұлы қалды.