ШұғылЖыл басынан бері өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан 310 адам зардап шеккен

БҚО-дағы 4 адамның өлімі: жүргізуші оқиға алдында полициядан қашып кеткен

Жол апатынан зардап шеккен 6 адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді 

Полицияға бағынбай, адам өліміне себепкер болған жүргізуші жауапқа тартылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облысында полицияға бағынбай, жолға шыққан көлік апатқа ұшырады. Төрт жолаушы оқиға орнында тіл тарпай кеткен. Тағы 6 адам ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың арасында да жағдайы ауыр науқастар бар екен хабарлайды. Ал опат болған төрт жолаушының бірінің аты-жөні әлі белгісіз. Жол апатына себепкер болған көлік жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Мына кадрларды жергілікті полиция таратты. Бораннан тасжолдың жабылғанын ескерткен сақшыларға көлік жүргізушісі құлақ асар емес. Оның соңынан іле-шала екіншісі де ілеседі. Полицейлер дереу олардың ізіне түскенімен, ақтүтек боранда апатқа себепкер болудан қорқыпты. Қуғынды тоқтатып, алдағы полиция бекетіне тәртіп бұзғандар туралы хабар береді. Бірақ қарлы боранда қарасын көрсетпей қашқан көлік көп ұзамай басқа машинаға соғылған. Күл-талқаны шыққан көліктегі жолаушыларды құтқарушылар шығарып алды.

Жапа шеккендер жақын ауылдағы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер төртеуінің жағдайын ауыр деп бағалауда.

«Жалпы көлікте болғандар саны он кісі, төрт кісі оқиға орнында қаза болған. Алты кісі түрлі жарақатпен Тайпақ ауылдық ауруханасына жеткізілді. Оның төртеуі ауыр жағдайда», - деді Ақжайық аудандық ауруханасының директоры Алмас Жүнісбеков.

Полицияның талабына бағынбаған екі жүргізуші де жауапқа тартылады. Ал апатқа ұшыраған көлік иесінің үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Сақшылардың айтуынша, жолдағы апаттың жиілеуіне жылдамдықты асырғандар кінәлі. Енді олар желөкпелерге қарсы күрестің жаңа тәсілін іске асырмақ.

«Біздің қызметкерлер жеке автокөлікке радар қондырғысын қойып, жасырын түрде оларды түсіреді. Сосын келесі тұрған экипажға хабарлама береді: «Осындай автокөлік біздің қасымыздан өтті, жылдамдығы осындай, асығып барады, ұстаңыз!» дейді. Содан ұстайды, біздікілер келеді, видеоны көрсетеді. Сосын хаттама толтырады», - деді БҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Жанболат Жаншин.

Ажал аранына айналған Атырау  – Орал тасжолының бойында былтыр небәрі 2 жол апаты болған. Биыл бас-аяғы екі айдың ішінде 14 адам жол апатынан көз жұмған. Жиырмаға тарта бала жетім қалды. Енді күре жолдағы қауіпсіздікті күшейту үшін жолдағы қозғалысты қадағалайтын полиция экипаждарының саны көбейтілмек. Ал апаттан опат болған төрт адамның біреуінің кім екені әлі белгісіз.