Бойжеткен өзіне көмектеспек болған 4 жігіттің қолынан қаза тапты
Үндістанның Хайдарабад қаласында төрт жігіт 26 жастағы қызды зорлап, өртеп жіберген
Үндістанның Хайдарабад қаласында төрт жігіт 26 жастағы қызды зорлап, өртеп жіберген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан The Guardian сайтына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, 27 қараша күні кешке бойжеткен скутерін тұраққа қойып, кетіп қалады. Сол маңда ішімдік ішіп отырған төрт жігіт скутердің доңғалағын тесіп қояды. Қыз қайтып келгенде, жігіттер оған көмектескілері келген ниет танытады. Бірақ шындығында, олардың ойында басқа нәрсе болғандықтан, төртеуі қызды жақын жердегі қараусыз қалған ғимараттың ішіне апарып айуандықпен зорлайды. Қыз айқайлап көмек шақырмас үшін артынша оны тұншықтырып өлтірген. Содан кейін қылмыскерлер мәйітті жүк көлігіне салып, көпірдің астында өртеп жібереді.
Ветеринар қыздың денесін келесі күні жергілікті тұрғындардың бірі тауып алады.
Бойжеткен оқиға алдында отбасына хабарласып, скутері сынып қалғанын, сол себепті орта жолда қалғанын хабарлаған екен. Ол үйіне қайтып келмеген соң бірнеше сағаттан кейін туыстары полицияға барады. Бірақ тәртіп сақшылары қызды іздеуге асықпаған, тек алты сағаттан кейін ғана олар қимылдай бастапты. Бүгінде жұмысына салғырт қараған үш полицей жұмыстан шығарылған.
Хайдарабад тұрғынын зорлап, өлтірді деген күдікке ілінген төрт жігіт ұсталды.
Жантүршігерлік оқиғадан кейін Үндістанда наразылық акциялары басталған. Жүздеген әйел көшеге шығып, әділ тергеу жүргізуді талап еткен.