Ақтөбе облысында қырғызстандық азаматтан 22 кг есірткі тәркіленді
Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
Ақтөбеде полиция қызметкерлері ірі есірткі тасымалдаған шетелдік азаматты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2021 жылғы 16 ақпанда сағат 23.40-та Ақтөбе облысы ПД ЕҚІҚБ қызметкерлері Самара – Шымкент тасжолының 972 шақырымында «Газель» автомашинасын тоқтатты. Көлік иесінің Бішкек қаласының тұрғыны екені анықталды.
«Қырғызстан Республикасының 44 жастағы азаматының басқаруындағы көлік құралын санкциясыз тінту кезінде салоннан жалпы салмағы 22 кг-нан асатын «марихуана» есірткі заты табылып, тәркіленді»,- делінген ПД хабарламасында.
Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігінің санкциясына сәйкес (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау әрекеттері үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске салады.