$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.02.2021, 23:18
Оқиғалар

Ақмола облысында әкелі-балалы екі адам өрттен қаза тапты

Бір баласын аман алып шыққан әке екіншісін құтқармақ болғанда, өрт ішінен шыға алмай қалған

Ақмола облысында әкелі-балалы екі адам өрттен қаза тапты
Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысында тұрғын үй өртеніп, кішкентай бала мен оның әкесі қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 23 ақпан күні сағат 03.55-те Зеренді ауданының Алексеевка ауылында болған. Жер үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама мамандарға таңғы сағат төрт шамасында түскен. Төтеншеліктер оқиға орнынан дереу жеткенімен, өкінішке қарай, адамдарды құтқару мүмкін болмады.

«Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер дереу өртті сөндіруге жұмылдырылды. Бұл кезде үйдің 80 шаршы аумағы өртеніп кеткен болатын. Өрт сөндіру барысында екі адамның денесі табылды», - делінген ведомство хабарламасында.

Куәгерлердің айтуынша, өрт шыққан кезде әкесі екі баласымен үйде болған екен. Бір баласын сыртқа аман алып шыққан әке екінші баласын, яғни алты жасар ұлын құтқармақ болып өртеніп жатқан үйіне қайта кіріп кеткен. Алайда түтінге уланып, өзі де, баласы да ажал құшқан. 

Ведомство хабарлағандай, өрт толықтай таңғы сағат 6.40 шамасында сөндірілді. Оқиға орнына ТЖД жеке құрамынан 20 адам және бес бірлік техника жеткен.

«Өрт себептерін анықтау үшін сот-медициналық сараптама және өрт-техникалық зерттеу тағайындалды, сондай-ақ, ішкі істер органдары сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, - делінген хабарламада. 

Серіктес жаңалықтары