ТЖМ 5 баланың өмірін жалмаған өрттің себебін болжады
Балалар отпен ойнаған болуы мүмкін
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Жамбыл облысы Жаңатас қаласында 5 баланың өмірін жалмаған өрттің шығу себебі сіріңке немесе оттықтан болуы мүмкін деген болжамын айтты.
«Балалардың анасы емізулі баланы тастап қайда шығып кеткені және не үшін шығып кеткені маған әлі беймәлім. Бәлкім себебі болған шығар. Бірақ, қайғылы оқиға болды, қашып құтыла алмадық. Қазір ол бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Дәл қазір айта алатыным, пәтер көпқабатты үйде болған, орталық жылыту жүйесіне қосылған. Үйді от жағып жылытқан деген сөздердің бәрі жалған. Үйде ешқандай электр пеші болмаған. Тоқтың тұйықталуын да тапқан жоқпыз. Алдын ала болжам бойынша, балалар сіріңкемен немесе оттықпен ойнап, содан от шыққан», - деді министр.
Оның айтуынша, өрттің нақты себебі тергеу амалдары аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Еске салайық, Жаңатастағы қайғылы оқиға 19 ақпанда болды. Пәтерде шыққан өрт салдарынан бір отбасының 5 баласы қайтыс болған. Олардың үлкені алты жаста болса, кішісі әлі жасына да толмаған.