Жетісайда кәмелетке толмаған балаларды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды
Апатқа ұшыраған үш баланың бірі жансақтау бөлімінде көз жұмды
14 ақпанда Түркістан облысы Жетісай ауданында кәмелет жасқа толмаған балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болып, оған кінәлі күдіктінің іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Жергілікті полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Нақтырақ айтсақ, 14 ақпанда Жетісай аудандық полиция бөліміне ауруханадан түрлі дене жарақаттарымен кәмелет жасына толмаған 3 бірдей баланың жеткізілгені туралы хабарлайды.
Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер сол күні кешкі сағат 17:50 шамасында Жетісай қаласындағы С.Ерубаев көшесі бойында белгісіз автокөлік оңтүстіктен солтүстік бағытына қарай жүріп бара жатып, 3 жасөспірім баланы соғып кетіп, жол көлік оқиғасын жасағанын анықтады.
Жол апаты салдарынан зардап шекке үш бала да ауруханаға жеткізілді. Түрлі дене жарақатыментүскен 16 және 13 жас шамасындағы балалар ем қабылдаса, жасы небәрі 4-тегі бүлдіршін ауыр дене жарақаты салдарынан жансақтау бөліміне түсіп, көз жұмды.
Аталған жайт Жетісай аудандық полиция бөлімінде екі бірдей баппен - Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және күдіктінің оқиға орнын тастап кеткені үшін ҚК-тің 347-бабы (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Бұл қылмысты жедел ашу мақсатында аудан полицейлері күдіктіні анықтауға қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Оқиға орнын тиянақты тексерген тәртіп сақшылары сол орыннан белгісіз автокөліктің артқы жарық шамдарының сынықтары мен айна сынықтарын тапты. Бұл заттардың «Ауди-100» маркалы автокөлігіне тиесілі және көліктің түсі қара сұр (мокрый асфальт) болуы ықтимал деп болжанып, іздестіру жұмыстары жоғары деңгейде атқарылды.
Нәтижесінде оқиғаға қатысты күдікті ретінде жасы қырық шамасындағы Жетісай қаласының жергілікті тұрғыны ұсталды. Полицейлердің көлікке қатысты жасаған болжамы да расталып, күдіктінің «Ауди 100» маркалы автокөлігі бар екені анықталды. Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауда, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал көлік айыптұраққа қойылды. Сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.