Шымкенттегі ірі мейрамханада болған қанды қылмыс бойынша сот басталды

Былтыр тамызда болған оқиғадан бір адам көз жұмып, тағы бір адам ауыр жарақат алған болатын

Шымкентте мейрамханада болған қанды оқиғаға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Қылмыс былтыр тамызда болған, сол кезде бір адам көз жұмып, тағы бір адам ауыр жарақат алған еді. Іс алқа билердің қатысуымен өтуде. Айыпталушы орындығында төрт адам отыр. Оның үшеуі «Адам өлтірді» деген күдікпен ұсталған.

Уақытша ұстау абақтысында отырғандар процеске онлайн қатысты. Ал бір айыпталушы бұлтартпау шарасымен бостандықта жүр. Мемлекеттік айыптаушы Айдос Лебаев оның «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу және әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарату» бабымен жауапқа тартылып жатқанын жеткізді.

Бүгін оқиға куәгері тыңдалды. 30 жастағы келіншек оқ тиген жәбірленушінің әйелі екенін айтты. Оның сөзінше, күйеуімен бірге мейрамаханаға барған. Қайтуға ыңғайланған кезде бейтаныс адамдардың жолдасына жылыұшырай амандасқанын еске түсірді. Кейін әжетханаға шығып кеткенін айтты.

«Әжетханаға барып 3-4 минуттан соң қайта келгенім сол, бізді ішке жібермеді. Іште әкімші қыздар ма екен, бір әйел адамның жылаған даусын естідім. Мен біреу ауырып қалды ма деп ойладым. Не болды деп сұраған едім, «жібермеңдер, жоғары көтерілмесін» деп айтты деді. Бар білетінім сол», - деді куәгер.      

Еске салайық, былтыр 10-шы тамыз күні түс ауа ірі мейрамхананың бірінде атылған оқтан бір адам көз жұмып, тағы біреуі ауыр жараланған еді. Бейресми ақпарат көздері сол кезде бұл оқиға қылмыс серкелерінің арасында болғанын таратқан. Алайда полиция оқ бұрыннан таныс, жақын достар арасында атылды деген-тін. Бүгін белгілі болғанындай, жәбірленуші аман қалғанымен, әлі құлантаза жазыла қоймаған. Ауруханада, әлі ем қабылдап жатыр. Айта кетсек, бұл іске қатысы бар тағы бір адам әлі күнге іздестірілуде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.