Алматы тауларында жоғалып кеткен туристің денесі табылды
Мәйітті тасымалдау шамамен 3 сағаттан астам уақытты алуы мүмкін

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Алматы тауларында жоғалып кеткен туристің өлі күйде табылғанын хабарлады.
12 ақпан күні сағат 14:30-да 1981 жылы туған ер адамның денесі «Шымбұлақ» шатқалынан табылған. Құтқару жұмысы 3200 м астам биіктікте, көшкін қаупі жоғары аумақта жүргізілді. Шымбұлақ шыңын, жанасып жатқан жотаны, Шымбұлақ өзені бойындағы шатқалды, сондай-ақ Богданович мұздығының ауданын және Талғар асуын толықтай қарап шыққан. Кешелі бері құтқару операциясы ауа райының қолайсыздығына байланысты жаяу жүргізілді. Сондай-ақ «Қазавиақұтқару» мекемесінің КА-32 әуе борты да іздеу жұмысына әзірленді.
Алайда қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты тікұшақ әуеге көтерілмеген. Оның орнына ұшқышсыз басқару аппараты (дрон) қолданылды. Дрон теңіз деңгейінен 5 мың 300 метрден астам биіктікке 5 мәрте көтерілген. Кезекті іздестіру барысында дрон адамның құлаған ізін көрсетті. Осы арқылы құтқарушылар жоғалған адамның болжамды іздестіру аумағын белгілеген. Кейін альпинистік жабдықтар мен жіптерді қолдана отырып, құтқарушылар шатқалға түсті. Көшкін қаупіне қарамастан, қазіргі уақытта зардап шегушіні тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Мәйітті тасымалдау шамамен 3 сағаттан астам уақытты алуы мүмкін.
Еске сала кетейік, 40 жастағы турист 11 ақпан сағат 15:20-да «112» пультіне «Шымбұлақ» шыңына көтеріліп, бағдарын жоғалтып алғаны және өз бетімен түсе алмайтындығы туралы хабарлама берген.