Алматы автобустарында бейнекамералар көмегімен 200-ге жуық ұры ұсталды

Жеңіл ақшаны ұнататындар қоғамдық көліктерге орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалған

Фото: Vecher.kz

Алматы қаласында қоғамдық көлікте орнатылған бейнекамералардың көмегімен 200-ге жуық «қалта ұрысы»  ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалалық криминалдық полиция басшысының айтуынша, жеңіл ақшаны ұнататындар қоғамдық көліктерге орнатылған бейнебақылау камераларының нысанына түсіп қалған.

«Қаскөйлердің бірін біздің бөлімнің қызметкерлері жақында ұстады. Ол 1991 жылы туған Ж.есімді азамат.  Ол жолаушының сөмкесінен ұялы телефонды байқатпай ұрлап кеткен.  Автобустан шыға бергенде күдіктіні қоғамдық көлікте жасырын қызмет еткен жедел уәкілдер ұстады. Оның осыған дейін бірнеше рет бөтеннің мүлкін ұрлағаны белгілі болды. Бұрын хабарлағанымыздай, қалалық қоғамдық көліктерде қарапайым азаматтар сияқты киінген жедел қызметкерлерінің мобильді топтары кезекшілік етуде. Олар бірнеше рет қалта ұрлығының жолын кесті, күдіктілер оқиға орнында ұсталды», - деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Еркін Іңкәров.

КПБ мәліметтері бойынша, қоғамдық көліктерге бейнекамералар орнатылғалы бері қалтаға ұрлыққа түсетіндер саны екі есеге азайған.  

Жалпы алғанда, өткен жылы бөтеннің мүлкін ұрлау 2,5 есеге азайды.  Қоғамдық көліктер мен басқа да қоғамдық орындарда жұмыс жасайтын ұрылардың 85 қылмыстық тобының қылмыстық әрекеті тоқтатылды.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.