Полиция департаментінің басшысы марихуана саудасын бүркемелеп келген
Қылмыстық топтармен қатардағы тәртіп сақшылары емес, олардың басшылары сыбайлас болған
Есірткі қылмысымен күресуі тиіс мекеменің жетекшісі 15 жыл бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Парақор полицейлермен күрес нәтижесінде былтыр 407 тәртіп сақшысы жауапқа тартылған. 123 қызметкер жұмыстан қуылды. Қызметтік тергеу жүргізген мамандар бірқатар басшының қылмыскерлермен ауыз жаласқанын анықтаған.
Қызылордада 12 келі есірткі мен қару-жарақты сақтаған қылмыстық топ әшкере болды. Сорақысы сол, топ құрамында Полиция департаментінің қызметкерлері болған.
«Қызылорда облысы Полиция департаменті басқармасының бастығы мен қол астындағы қызметкері ұсталды. Олар қылмыстық жауапкершіліктен бұлтарту мақсатында 7 млн теңге пара алып жатқанда үстінен түстік. Қазір олар тергеліп жатыр, тақауда іс сотқа жіберіледі. Қызылорда облысы полиция департаменті басқармасы бастығының орынбасары мен тағы үш жетекші лауазымдағы қызметкер жұмыстан босатылды», - деді ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздігінің бастығы Арман Саданов.
Қарағандыда да құқық қорғау жүйесінің жемқорлыққа батқаны анықталды. Тәртіп сақшылары Теміртаудағы металл ұрлығына қатысты болған.
Сол сияқты, Шу өңірінің полицейлері де қылмыскерлермен сыбайлас болған. Барлығы да қызметінен қуылды. Ал Алматыдағы полицейлер мәліметтер қорын сатып, ақша алыпты.
«Азаматтық тұлғалардың көмегімен олар ведомствоның мәліметтер қорын сатуды жолға қойған. Жеке тұлғаларға қатысты ақпарат үшінші тараптың қолына түскен. Екі полиция қызметкері, бұрын полицей болған үш адам және тағы бір азаматтық тұлға жауапқа тартылды. Тәртіп сақшыларының басшысы жұмыстан шығарылды», - деді ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздігінің бастығы Арман Саданов.
Былтыр түскен арыз-шағымды сараптай келе, құзырлы ведомство 1030 қызметтік тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, 407 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 123 қызметкер жұмыстан шығарылды.
«Этикалық нормаларды бұзғаны үшін түрлі дәрежедегі 16 лауазымды тұлға жұмыстан шықты. Мысалы, Павлодар облысының қылмыстық атқару жүйесінің басшысы мен оның қарамағындағы қызметкер жұмыс орнында арақ ішкені үшін қызметінен босады», - деді ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздігінің бастығы Арман Саданов.
Айта кетерлігі, қылмыстық топтармен қатардағы тәртіп сақшылары емес, олардың басшылары сыбайлас болған. Құзырлы ведомство қолға түскендерге аяушылық танытпайды. Мамандардың айтуынша, ішкі істер министрлігінде мамыр айынан бастап үш мың қызметкер қысқартуға түседі.