ШұғылӨткен тәулікте елімізде 753 адамнан коронавирус анықталды

Өзін-өзі өртеген тараздық полициядан қысым көргенін айтты

Досжанға қысым көрсеткен екі полиция өкіліне қатысты тергеу жүріп жатыр

скриншот: youtube

Тараздық тұрғын өзін-өзі өртеді. Өртенген жігіттің туыстары бұл жағдайға полицейлерді кінәлайды. Себебі, олар елдімекенде болған мал ұрлығын кінәсіз жанға жаппақ болды дейді. Олар бұл жағдай күдіктінің өз-өзіне қол жұмсауына дейін жеткізіп отыр деген пікірде, деп хабарлайды Almaty.TV тілшісі.

«Ұрып-соғып, қылқындырып, ауа жұтқызбай қинады. Бір-екі күннен кейін болса да, мойныма іліп жіберетінін, бірдеңе салып жіберетін сездім де, күйіп кеткеннен кейін өзімді жағып жібердім», – деді Досжан Жарылқасын.

Досжан Жарылқасын – 28 жаста. Осыдан бір апта бұрын денесі күйген күйде қалалық ауруханаға келіп түскен. Айтуынша, Тараз қаласының маңындағы «Шалғай Қарасу» алқабында 5 бас мал ұрланған. Кейін аймақтың құқық қорғаушылар Досжанды алып кетіп, «мойнына алу үшін қинаған».

«Шықсам, екеуі ағама жүр деп жатыр. Ағам «мен бармаймын, кешегідей ұрып соқтыңдар» деп жатыр. Одан қалды екеуміздің көзімізше соттатып жіберем деп қорқытты», – деді Досжан Жарылқасынның інісі Жасұлан Жақып.

Бұл туралы оның көршісі Ринат Тәжімов те пікір білдірген.

«Шығып қарасам олар тұр екен. Қорқытып жатыр. «Сені отырғызатын болсақ, былай да отырғызамыз, мойында» деп. Қысқан ғой баланы әбден. Ашуға салынғаннан оттық алып, өртенді», – деді Досжан Жарылқасынның көршісі.

Полицейлер күдікті деп таныған Досжанның кінәлі емес екеніне сенімді. Себебі дәлелдің жоғын айтады. Ал, аталған әрекетке шарасыздықтан барды дейді.

«Науқас таяу күндері шығуға дайындалып жатыр. Келіп түскендегі диагнозы денесін 12 пайызын күйік шалған. Содан бері жасалған ем-домның арқасында қазіргі жағдайы жақсы», – деді Тараз қалалық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Әбілсейіт Сыдықов.

Шулы жағдайға полицейлердің айтары бөлек. Сақшылар керісінше өзін-өзі өртеген жанның өмірін сақтап қалғанын айтады. Департаменттің мәліметінше, күдікті болған азамат бұрын бірнеше рет істі болған. Екі рет мал, 4 рет қалта ұрлығы бойынша ұсталған екен.

Ал, Досжанға қысым көрсеткен екі полиция өкіліне қатысты тергеу жүріп жатыр.

«Жамбыл облысы бойынша жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігімен полиция қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеруді бастады. Азаматтың өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша өзіндік қауіпсіздік басқармасымен қызметтік тергеу жүргізілуде», – деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.