$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.02.2021, 09:30
Оқиғалар

«Балаларыңа қиын болады, арызыңды ал»: қызылордалық зейнеткер полициядан қысым көргенін айтты

Жәбірленген қария тағы да қастандық жасала ма деп қорқады

«Балаларыңа қиын болады, арызыңды ал»: қызылордалық зейнеткер полициядан қысым көргенін айтты

Қызылорда облысында қарақшылар зейнеткердің отбасына оқ атып, үйін өртеп кетті. Қаскөйлер 70 жасқа жақындаған ақсақалдың көзінше дүкенін тонап, артынан өртеп, көлігін талқандаған. Көмекке келген көршілерге де қарақшылар оқ жаудырған. Ал, бар мүлкінен айрылған зейнеткерге Шиелі аудандық полиция бөлімі көмектесу былай тұрсын, қысым жасаған көрінеді. Қарияның айтуынша, тәртіп сақшылары арызды кері алуға мәжбүрлеп жатыр екен.

Қарақшылар өрт қойғанда үйде Сейітқали ақсақалдан бөлек әйелі мен жас босанған келіні болған. Қария отбасы мүшелерін атылған оқтан тығып үлгерген. Суық қаруланған бірнеше адам автокөлікпен бірге аулада жиналған мая шөпке де от қойыпты.

«Осыдан бір апта бұрын, 21 қаңтардың түінінде 6 жігіт айғайлап, «өртеңдер», «аямаңдар» деп жүгіріп дүкенімді күлге айналдырды. Жан сақтап отырған магазин күлге айналды. Ауладағы малдың шөбін, жазғы үйдің жанында тұрған дүние-мүлікті түгел өртеді. Машинаға 6-7 бытыраның оғы тиген. Үстіне ойнақтап шығып, терезесін қиратты. Көлікке өрт қойып қашқанда, мен отты алып үлгердім. Кешіксем үйімізбен бірге жарылар едік. Көмекке келген көршілеріме қарата оқ атып еді, олар да қашты. Мен қорыққанымнан ентігіп, отырып қалдым, қарсылық танытуға шамам келмеді», - деді Шиелі ауданының тұрғыны Сейітқали Ділімбетов.

Дүкенін тонап, із қалдырмау үшін өрт қойған күдіктілерді зейнеткер айғайлаған дауысынан-ақ танығанын айтады. Алайда, аудандық полиция бөлімі біреуді ұстау тұрмақ, оқиға орнында қандай да бір зерттеу жүргізбеген. Шиелі ауданының тұрғыны тек облыстық Полиция Департаментіне арызданған соң ғана тек құжат жүзінде іс қозғалғанын айтады. Алайда, полиция адам өміріне қастандық жасаған күдіктілерді іздеудің орынына, арызыңды кері қайтарып ал деп қысым жасап жатқан көрінеді.

«Полиция оқиға орнында қылмыстық сараптамалық-зерделеу жүргізбеген. Бұндай жағдайда автоматты түрде қылмыстық іс қозғалу керек. Қандай қарудан оқ атылды? Мылтық тіркелген бе, әлде заңсыз ба? Соның бәрін анықтау керек. Одан бері 11 күн өтсе де Шиелінің полиция бөлімі ешқандай шара қабылдамаған. Келіні 102-ге қоңырау шалып, оқ атылып жатқанын айтқан. Ал, полиция сылбыр. Үш куәгер өртті өшіріскен. Алайда, қазіргі таңда үш куәгер де өздерінің сөздерінен айнып отыр, қорқытып тастаған. Полиция істі ашуға емес, жылы жауып тастауға тырысқан. «Достасыңдар, арыздарыңды алыңдар, бұл істі түрмеде отырған Абай ұйымдастырып отыр» деп сес көрсеткен Мамбеталиев. Үйдегі бейнебақылау камераларын полиция ешқандай акті жасамай алып кеткен. Қылымыстық іздестіру бөлімінің бастығы Мамбеталиевке күдік басым, ол видеожазбаларды өшіріп тастауы мүмкін», - дейді жәбірленген қарияға заң тұрғысынан көмектесіп жатқан заңгер Айгүл Орынбек.

Шиелі ауданына қарасты Ы.Жақаев атындағы ауылда болған қылмыс тек 31 қаңтар күні ғана тіркелген. Заңгер араласқан соң ғана ҚР ҚК 202-бабының 2-бөлігімен сотқа дейігі тергеу басталған.

«Әйелім 67 жаста, қолда келінім бар. Шиелі аудандық қылымыстық іздестіру бөлімінің бастығы Бақыт Мамбеталиев арыздарыңды қайтарып ал, мәселені ушықтырмаңдар деп қысым көрсетіп жатыр. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін қызыма да, келініме, маған да қысым көрсетіп жатыр. Мамбеталиевтің досы қылмыс жасап, түрмеде отыр. Ол түрмеде отырса да телефон арқылы осындағы ауылдың балаларына билігін жүргізіп, айтқанын жасатып келеді. Осымен үшінші рет қастандық жасады. Отбасымызды асырап отырған дүкеннен айрылдық. Бала-шағам арызданба, тағы қастандық жасайды деп шыр-пыр», - деді Сейтқали Мәжитұлы.

Облыстық Полиция департаменті болса аудандық полицейлер тарапынан құқық бұзушылықтар болмады дегенді меңзеп отыр.

«29 қаңтарда Шиелі аудандық полиция бөліміне аудан тұрғыны арызданды. Арыз аудандық полиция бөліміне тіркеуге алынды. ​Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.​ Оқиға 2021 жылдың қаңтар айының 20-нан 21-не қараған түні тіркелген. Арызданушының айтуынша, белгісіз біреулер үйінің ауласында орналасқан дүкенін, шөп қорасын және тұрмыстық заттарды қасақана өртеп, «Nexia» маркалы автокөлігінің алдыңғы әйнегін сындырған. Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобымен қарап-тексеру жұмыстары жүргізіліп, жәбірленушінің үйінен бейнекамераның жазбасы айғақ зат ретінде алынды. Орын алған оқиға бойынша Шиелі аудандық полиция бөлімімен қылмысты ашу және осы қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау бағытында тиісті жедел шаралар кешені жүргізілуде. ​Тергеп-тексеру амалдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің барлық нормаларын сақтай отырып жүргізілуде», - делінген Қызылорда облыстық Полиция департаменті берген ақпаратта.​

 Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары