$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.11.2019, 15:02
Оқиғалар

Елорданың бас санитар дәрігері Тоқаевтың сынынан соң қызметінен кетті

Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Сәдуақас Байғабылов қызметінен босатылды

Елорданың бас санитар дәрігері Тоқаевтың сынынан соң қызметінен кетті
Фото: sputniknews.kz

Департамент басшысы қызметінен кетуін түсіндіріп, өзіне қолдау көрсеткендерге алғысын айтты. 

«Департамент басшысы қызметінен өз еркіммен кеттім. Еліміздің бас қаласында қызмет ету үшін маған үлкен жауапкершілік жүктелді. Барлық БАҚ-қа, ақпараттық агенттіктерге, журналистер мен тілшілерге, телеарналарға бірлесіп жұмыс жасағанымыз үшін алғыс айтамын», - деп жазды Байғабылов facebook желісінде.

Ол Мемлекет басшысы тарапынан сынға ұшыраған кез келген адам отставкаға кету керек деп есептейді.

«Мемлекет басшысының сынына ұшырамас үшін мемлекеттік орган басшылары әлеуметтік желілердегі шағымдар мен жазбаларға дер кезінде назар аудару керек. Сондай-ақ кез келген мемлекеттік қызметкер, қандай лауазым иесі болмасын, Мемлекет басшысынан сын естігенде отставкаға кету керек», - дейді бұрынғы департамент басшысы.

Сәдуақас Байғабылов тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментін 2018 жылдан бері басқарды. 2017-2018 жылдары Премьер-министр кеңсесінде денсаулық сақтау секторының әлеуметтік-экономикалық бөлімінде бас консультант болып қызмет атқарған.

Естеріңізде болса, 8 қазанда Мемлекет басшысының қатысуымен елорда әкімдігінде өткен жиында Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментін «астаналықтардың әлеуметтік желілердегі шағымдарына дер кезінде жауап қайтармайды» деп сынаған еді.  

«Қала тұрғындары ауыз су сапасына байланысты мәселені бірнеше рет көтерді. 20 қыркүйекте қалалықтар судан жағымсыз иіс шығады деп әлеуметтік желілер арқылы шағымданды. Бірақ департамент тарапынан түсіндіру жұмыстары арада бір апта өткеннен кейін (27 қыркүйек – ред.) жүргізілді. Неге тез жауап бермейді? Түсінбеймін», - деген еді Президент.

Серіктес жаңалықтары