Шамалғандағы «қанды өткел» орнына салынатын көпірге 5 млрд теңге қажет
Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек
Естеріңізде болса, 15 қыркүйекте Алматы облысына қарасты Шамалған стансасында жолаушылар пойызы автобусты соғып, оқиға орнында жүргізуші қаза тапқан болатын. Шамалған стансасындағы ірі жол көлік оқиғасынан кейін тұрғындар облыс әкімдігіне «теміржол өткелінің орнына көпір салу керек» деген талап қойды.
Тұрғындардың талабы ескеріліп, жаңа көпір салынатын болды. Алайда, жаңа көпір ел арасында «қанды өткел» аталып кеткен апат жиі болатын орында емес, Шамалған мен Екпінді елді мекендерінің арасындағы учаскіде салынады. Бүгінгі таңда жобалау шаралары басталып, көпірді салатын мердігер компания да анықталған. Құрылыс жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында басталып, ұзындығы 330 метрді құрайтын эстакада түріндегі жолайрық 2020 жылдың соңында пайдалануға берілмек екен.
Алайда, құрылысы басталуға жақын көпірдің жобасы мемлекеттік сараптамадан өтпеген. Жоба құрылысына жауапты «Қазавтожол» мекемесі сараптама қорытындысына қарамастан мемлекеттен 5 млрд теңге көлемінде қаржы сұрап отыр.
«Жобаға қатысты жұмыстар 99% шешіліп тұр. Біз көпір құрылысына 5 млрд теңге ақша сұрап отырмыз. Жұмысты бастау үшін 500 миллион теңге бөлінді. Алдағы екі күн қатарынан мердігер компаниямен жиын өткіземіз. Жерді қазып, геологиялық жұмыстарды жүргізіп, құрылысты бастай береміз. Жоба бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысына қол жеткізу үшін бір жыл күту керек. Бірақ біз бастай береміз. Мұндай жағдай елімізде бірінші рет болғалы тұр. Заңдық тұрғыда да анықтайтын жұмыстар көп, оны тиісті министрлікке барып реттейміз», - деді аталған жағдайға байланысты ақпарат берген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Жаңабай Қобыландин.
Қобыландиннің айтуынша, көпір түсетін аумаққа қажетті жер телімдерінің басым бөлігі жекеменшікте екен. Ал, жер телімін мемлекет меншігіне алумен Қарасай және Іле ауданының әкімдіктері айналысып жатыр.
«Жолайрық қолданыстағы теміржол өткелінен 250 метр қашықтықта салынады. Құрылыс жұмыстары осы жылдың желтоқсанында басталады деп жоспарлануда. Жоба транзиттік көлік ағынын елді мекеннен тыс жерге көшіруге мүмкіндік береді», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратқан ақпаратта.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы