Индонезияда жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер саны 96-ға жетті
Елде табиғи апаттың артынша су тасқыны басталды
Индонезияның Сулавеси аралындағы жер сілкінісі мен Калимантандағы су тасқынынан зардап шеккендердің жалпы саны 96-ға жетті, шамамен 70 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Бұған дейін жер сілкінісінің 78 құрбаны туралы хабарланған.
Индонезияның Батыс Сулавеси провинциясында 81 адам жер сілкінісінен қайтыс болды, тағы 15 адам Оңтүстік Калимантан провинциясында су тасқынының құрбаны болды.
Апаттарға қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық басқарманың баспасөз хатшысы Радитья Джатидің айтуынша, 28 мыңға жуық адам үйлерін тастап, Батыс Сулавеси провинциясы мен Маджене округіндегі эвакуация орталықтарына орналастырылған. Су тасқынынан қашқан тағы 40 мың адам Оңтүстік Калимантан провинциясына эвакуацияланды. Жер сілкінісі салдарынан 1150-ден астам ғимарат, оның ішінде бес мектеп қирады.
Оңтүстік Калимантан провинциясында су тасқынына байланысты 25 мыңға жуық үй су астында қалды. Провинциядағы су тасқыны 14 қаңтардағы жаңбырдан кейін басталды. Өңірде төтенше жағдай жарияланды.