Ақтаулық дәрігерлер 4-қабаттан құлап кеткен баланы құтқарып қалды
4 жасар бүлдіршін ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген

Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері тқртінші қабаттан құлап кеткен бүлдіршінді құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
2016 жылы туған бала аса ауыр жағдайда 12 қаңтар күні облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілген болатын.
Анасының айтуынша, бала ауруханаға жеткізілгенге дейін жарты сағат бұрын абайсызда төртінші қабаттан құлап кеткен.
«Шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылған бүлдіршінге жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы және сүйектердің сынуы деген диагноз қойылды. Бала екінші және үшінші дәрежедегі ауыр жарақаттар салдарынан есінен танып қалған», - делінген хабарламада.
Жансақтау бөлімінің дәрігерлері шұғыл әрекеттер қабылдап, баланың есін жиғыза алды. Келесі күні ота жасалып, ал бір тәуліктен бала бейінді бөлімге ауыстырылды.
Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.