«Денемдегі оқпен әлі жүрмін»: белсенді Галина Арзамасованы атқызған экс-әкім сот үкімін орындамаған

Автор: Azattyq Rýhy

Қастандық жасаған шенеунік 1,5 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуі тиіс

Белсенді Галина Арзамасова денесіндегі оқпен әлі жүр. 63 жастағы әйел оқты ота арқылы алдыруға қаржылық мүмкіндігі жоқ. Оған Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов қастандық жасаған болатын. Жер телімдерін заңсыз сатумен айналысқан экс-әкім өзінің қылмысын әшкерелемек болған әйелді жүргізушісі арқылы атқызған еді. Оқиға 2019 жылдың 26 тамызында Талғар аудандық әкімдігінің алдына болған. Атылған оқ әйелдің арқа тұсынан тиіп, жарақат алған зейнеткер ауруханада ұзақ уақыт емделді.

«Денемдегі оқпен 16 айдан бері әлі жүрмін. Оқты Мәскеуге барып ота арқылы алдыртуым керек еді. Оған жағдайым болмады. Мені енді кім тегін қарасын? Дәрігерлер бұлай жүре берсең құрт ауруына (туберкулез) шалдығасың деді.  Жарақат ара-тұра ауырады. Арнайы жаттығулар жасап жүрмін. Қастандық жасаған әкімнің туыстары қылмысты жасыру жолында уәдені үйіп төккен еді, алайда олар сол қалпы көмектеспеді», - деді Галина Арзамасова.

Маска жоқ: Қоғам белсендісі экс-әкімнің сотына «противогаз» киіп келді

Экс-әкім Нұрғали Аппазов Галина Арзамасоваға жетінші рет қастандық ұйымдастырғанда бірақ ұсталды. Алматы қаласына жақын маңдағы жер участкелерін сатумен айналысқан Аппазов өзіне қарсы шыққандарға 2016 жылдан бері қастандық ұйымдастырып отырған. Оның үстінен ҚР ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігінің 1 және 3-тармақтары (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша, 107-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру), 28-бабының 3-бөлігі (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлері) бойынша кінәлі деп табылды. Судья Ілияс Мұхадиұлының үкімімен Аппазов түпкілікті 7 жылға бас бостандығынан айрылған еді. Жәбірленуші экс-әкімнен 50 миллион теңге талап еткенмен, судья моральдық өтемақы ретінде тек бір миллион теңге өндіруге үкім шығарды.

«Машинамды өртеу, көлік апатын тудыру, үйімді тонау, өзімді соққыға жығу, атқызу сынды Аппазов маған барлығы 7 рет қастандық жасаған. Ол сотталған соң қастандықтар сап тыйылды. Өміріме қауіп төнсе де, жер сатқан бандыларға қарсы шыққаныма өкінбеймін. Бірақ, олар бұрын иемдеген жерлерді таныстары арқылы сатуды әліде тоқтатар емес. Соттың үкімімен, яғни маған төлеуі тиіс 1 миллион теңгеге келіспеймін деп экс-әкім апелляцияға берген. Алайда сот алғашқы соманың үстіне тағы бес жүз мың теңге, барлығы 1,5 миллион ақша өндіруге міндеттеді. Аппазов та, оның туыстары да сот үкім еткен ақшаның бір тиынын төлемеді. Ал денемдегі оқты алдыруға менің жағдайым жоқ», - деді жәбірленуші әйел.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы