«Алматы-Қорғас» тасжолында көлік апатынан бір адам қаза тапты
Көлікте алты адам болған. Оның екеуі — бала
«Батыс Европа-Батыс Қытай» тас жолының 54 шақырымында көлік апатынан 1965 жылғы әйел адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 24 қараша күні түнгі сағат 20:00 шамасында болған. Алматыға қарай бағыт алған «Mazda Familia» көлігі жол жиегіндегі темір жақтаушаларға соғылып, оқиға орнында көлік жүргізушісінің анасы қаза тапты.
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, машина салонында алты адам болған. Оның екеуі — бала. Қазір 1995 жылғы көлік жүргізушісі түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Ал қалған төрт адамның жағдайы жақсы.
«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл іспен Алматы облыстық Полиция Департаментінің анықтаушылары айналысуда. Қажетті сараптамалар тағайындалған», - деді аталған ведомствоның баспасөз қызметінің өкілдері.