Түркістан облысында темір қоршауға қысылып қалған бала құтқарылды
4 жасар бүлдіршін көшеге анасын іздеп шығып кеткен
Түркістан облысының полицейлері темір қоршауға қысылып қалған 4 жасар балақайды құтқарып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайрам АПБ-ның патрульдік полиция қызметкерлері Сайрам ауданы Манкент ауылының көше бойын кезекті патрульдеу кезінде, түскі уақытта күтпеген жайтқа кез болады. Тасжол бойында орналасқан жабық тұрған құрылыс заттарын сату дүкенінің қоршауында қыстырылып тұрған 4 жасар баланы байқап қалады. Адам өміріне қатысты жағдайды оң шешу мақсатында ЖПҚБ ППТ қызметтік инспекторлары полиция капитаны Нұрболат Тілеубергенов, полиция аға лейтенанты Еркін Альметов және полиция лейтенанты Ғалым Дәукеновтер дереу көмекке келеді. Темір тор қоршаудан өтемін деп басы сыймай қыстырылып қалған баланы тез арада босатып алады.
«Балақайдың анасы дүкенге барып келемін деп, үйінен шығып кеткен. Оның ізін суытпай баласы да артынан жүгіріп шыққан. Осы сәтте құрылыс заттарын сататын дүкеннен ары өтпек болып, басы қоршау тесігіне сыймай тұрып қалған. Сол мезетте осы маңнан өтіп бара жатқан полицейлер оны тез арада шығарып, үйіне алып барған», - делінген хабарламада.
Баланың ата-анасына алдағы уақытта балаға сақ болу керек екені есткертіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарды баларына сақ болуға және денсаулығының жай-күйін бақылауда ұстап жүруге кеңес береді.