ШұғылҚазақстанда тағы 658 адамнан коронавирус анықталды

Ішкі істер министрлігі Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарға бірқатар кеңес берді

Мереке қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейеді

фото: polisia.kz

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығына сәйкес, алдағы мерекелер қарсаңында Қазақстанның ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген қызмет түріне ауыстырылады. Полиция құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету, сондай-ақ құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін жүргізеді.

Құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларға жедел ден қою үшін мереке күндері полиция автопатрульдерінің, көшелердегі полиция жаяу нарядтарының саны артады. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдануда.

Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін сертификатталмаған пиротехникалық өнімді сатуға жол бермеу мақсатында тексерулер жүргізіледі. Оларды пайдалану кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау қажет.

«Мереке қарсаңында ІІМ тұрғындарды карантин шаралары мен денсаулық сақтау ұйымдарының ұсыныстарын қатаң ұстануға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, мүлкіне сақ болуға шақырады. Қалта ұрлығына жол бермеу үшін құнды заттарды көзге көрінетін жерге қоймаңыз, әмияндарыңызды киімнің ішкі қалтасына салыңыз», - делінген хабарламада.

ІІМ кеңесі:

  • Мереке күндері барлық есіктерді құлыппен жабу керек;
  • Қонаққа кеткен кезде көршілерге үйіңізді қарап қоюды тапсырып қойған жөн;
  • Егер кіреберісте есікті ашуға тырысып жатқан бейтаныс адамды көрсеңіз, полицияға қоңырау шалу қажет;
  • Пәтерге жете танымайтын және бейтаныс адамдарды кіргізуге болмайды;
  • Заттарыңызды автомобильдің жүксалғышына салып жатқан кезде, сөмкелерді салонда қараусыз қалдырмаңыз;
  • Көлікті тұраққа қалдырған кезде, есіктер мен терезелердің жабық екенін тексеріңіз;
  • Жаңа жыл алдындағы акциялар кезінде интернет-алаяқтық көбейеді. Онлайн сатып алу кезінде тексерілген сайттарды пайдаланыңыз;
  • Фишингтік сайттардың құрбаны болмау үшін сайттың мекенжай жолағында дұрыс жазылуына назар аударыңыз;
  • Жарақат пен өрттің алдын алу үшін пиротехниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет.