Шымкентте тек Daewoo Nexia автокөлігін ұрлаумен айналысқан ер адам ұсталды

Көліктің бәрінде қауіпсіздік жүйесі болмаған

Биыл тамыз-қараша айларында Шымкентте 11 адам полицияға Daewoo Nexia автокөлігінің ұрланғаны туралы арызданған. Тексеру барысында қылмыстың бәріне бір-ақ адамның қатысы бар екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Автокөліктердің басым бөлігінде қауіпсіздік жүйелері төмен деңгейде болғандықтан, қылмыскер үшін оңай олжаға айналған. Бұл көліктер бұрандалы құралдың көмегімен есіктерді ашу арқылы ұрланғаны белгілі болды.

«Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері қабылдаған іс-шаралардың арқасында қылмысқа барған күдіктіні ұстап, ұрланған және өзге тұлғаларға сатып жіберген 6 автокөлік айғақты зат ретінде тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Сондай-ақ, 2 автокөлікті бөлшектеп сатып жібергені туралы белгілі болды. Ал әлеуметтік желісі арқылы сатып жіберген 3 автокөлік бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - делінген аталған хабарламада.

Қазіргі таңда күдікті ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау абақтысына жеткізілген. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Айта кететін жайт, жыл басынан полиция қызметкерлерімен 68 автокөлікті заңсыз иемденіп алу және басқару жайттары бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 54 дерек бойынша қылмыскерлер анықталып, құрықталған. Қалған 14 дерегі бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.