Қайрат Нұртас пен Айқын Төлепбергенді корпоративтік кешке шақырған кәсіпкерлерге айыппұл салынды
Auz.T тамақтану желісінің иесі 320 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді

Ақтөбеде карантин ережесін сақтамай, әншілерді ұжымдық кешке шақырған кәсіпкерлерге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Департамент басшысы қазақстандық әншілердің карантин талабын сақтамағанын айтты. Сондай-ақ, ұжымдық кештерге анымал әншілерді шақырғандарға айыппұл салынған.
«Мониторинг тобының жұмысы жалғасып жатыр. Мәселен, Қайрат Нұртас қатысқан шара бойынша Auz.T тамақтану желісінің (фастфуд) иесіне 319 470 теңге көлемінде (қысқартылған түріндегі) айыппұл салынды. Әкімшілік кодекстің 810-бабына сәйкес бір апта ішінде өтесе, айыппұлдың тек 50% төлеуге рұқсат беріледі. Сонымен бірге Айқын Төлепберген қатысқан шара бойынша «Арвана-гранд парк» лаунж-барының заңды тұлғасына қатысты тексеру актісі толтырылып, жеке тұлға З.Тухмухамбетоваға 41 670 теңге көлемінде (қысқартылған түріндегі) айыппұл салынды. Олардың ұжымдық, ойын-сауық іс-шараларын өткізгені, келушілерде және ұйымдастырушыларда медициналық бетперде болмағаны және адамдар арасындағы әлеуметтік арақашықтық сақталмағаны белгілі болды», - деп нақтылады облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.