$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.12.2020, 17:41
Оқиғалар

Бурабайда кәсіпкер мен аудан әкімдігі арасындағы балабақша дауы бітер емес

Әкімдік сотқа арыз берген 

Бурабайда кәсіпкер мен аудан әкімдігі арасындағы балабақша дауы бітер емес
Фото: ашық дереккөзден

Бурабай ауданында он жылдан бері мектепке дейінгі білім беру мекемесін меншігіне алып, сенімді басқару негізінде жұмыс істеп келген кәсіпкер балабақшадан айырылып қалуы мүмкін. Ғимаратқа жаңадан жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қосымша құрылысқа 13 млн теңгеден астам қаражат салған кәсіпкер мен жергілікті әкімдік арасында дау басталған. Ал мектепке дейінгі білім беру мекемесінде жұмыс жасаған қызметкерлер мен тәрбиеленген балалардың ата-анасы енді басқа мекеме іздеуге мәжбүр. Мәселенің мән-жайын Azattyq Rýhy тілшісі талдап көрді.

«МҮЛІКТІ ҚАЙТАРУЫМЫЗДЫ ТАЛАП ЕТІП ОТЫР»

Бурабай ауданы әкімдігі атынан қаржы бөлімі «Айналайын» балабақшасын «Мерей» ЖШС-ға сенімді басқаруға беру туралы келісімшарт 2010 жылдың 1 сәуірінде жасалған. Сөйтіп серіктестіктің теңгеріміне аумағы 0,7640 гектар жер учаскесі бар Щучинск қаласындағы «Айналайын» балабақшасы өткен. Он жыл бойына қызмет еткен кәсіпкердің келісімшарт мерзімі осы жылдың 1 сәуірінде аяқталған. Ал елді індет жайлап, төтенше жағдай енгізіліп, карантин шектеулеріне байланысты келісімшарт мерзімі карантин аяқталғанға дейін жылжытылған. Бірақ мамыр айында Бурабай ауданының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі келісімшартты бұзу және мерзімінің аяқталуына байланысты коммуналдық мүлікті тапсыру туралы сотқа арыз берген.

«Мен осы он жыл ішінде ғимаратқа толықтай жөндеу жүргіздім. Ғимараттың кәріз жүйесі, инфрақұрылымы және басқа да көптеген жұмысын істедік. 2009 жылы дәл осы мекемені жөндеуге 20 миллионнан астам қаражат бөлініп, ол сол күйі аяқталмай қалыпты. 30 миллион теңгеден астам қаражатқа түрлі қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Балаларға қосымша қызмет түрлері де ұсынылып келеді. Біз аудандық білім беру бөлімімен 2020-2021 оқу жылына 120 баланы мектепке дейінгі мекемеде білім беруге және 22 баланы 1-4 сыныптағы мектеп жасындағы балаларды оқытуға келісімшарт жасасқанбыз. Яғни, мемлекеттік тапсырысты орындауға тиістіміз. Соған қарамастан әкімдік біздің жұмыс істеуімізге мүмкіндік берер емес. Келісімшарттарды бұзып, мүлікті коммуналдық меншікке қайтаруымызды талап етуде. 25 мамырда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы біздің бұл жағдайымызды форс-мажор деп арнайы құжат та берген. Бізден қабылдау-тапсыру актісін беруге мәжбүрлеп отыр. Ал мүлікті тапсырсақ, бізде жұмыс істейтін мұғалімдер мен тәрбиешілер жұмысынан айырылып, ата-аналар баласын орналастыру үшін жаңа орын іздеуге тиіс болады. Біз ары қарай жұмыс істегіміз келеді. Барлығы заңға сәйкес болса да, әкімдіктегілер келісімшарт мерзімін созбай отыр. Олар келісімшартты ұзарту сыбайлас жемқорлыққа негіз болады дейді. Бірақ қайдағы жемқорлық? Бұлай болмайды ғой...», - дейді «Мерей» ЖШС директоры Гаухар Хамзина.

«КӘСІПКЕР САЛҒАН ДҮНИЕСІН ТАСЫП ӘКЕТСЕ НЕ БОЛМАҚ?»

Кәсіпкердің бұл уәжімен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің Ақмола облысының бойынша төрағасы Валентина Геращенко да келісіп отыр. «Атамекен» өкілі бұл жерде жергілікті атқарушы органның позициясы мүлде түсініксіз екенін айтады.

«Кәсіпкерлер палатасының араласуымен әкімдіктің сотқа берген талап арызы алдын ала берілгендіктен кері қайтарылды. Бұл жерде жергілікті атқарушы органның позициясы мүлде түсініксіз. Олар серіктестіктің келісімшартты орындауына еш наразы емес. Бірақ 2015 жылғы қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді басшылыққа алып, сенімді басқаруға берілген мүлікті тапсыруды талап етіп отыр. Ал ол қазір электронды сауда құралымен кәсіпкерлердің қолдануына берілуі тиіс. Серіктестікке бірнеше мәрте жүргізген алғыс хат берілген. Бақылаушы және тексеруші органдардың барлығы балабақшаны басқаларға үлгі де еткен. Алайда қазір жоғарғы органдардың жауабына сәйкес, мәселе әлі шешімін таппай тұр. Әкімдік алған бетінен қайтпай, тағы да кәсіпкерді сотқа тартып отыр. Қолданыстағы заңнама нормаларына және Қаржы министрлігінің түсіндірмесіне сәйкес, мектепке дейінгі білім беру мекемесінің қызметін жүзеге асыруын одан әрі таңдау тек жергілікті атқарушы органға тиесілі», - дейді ол.

Келісімшартты жасасу сәтінде өзара қатынас нормаларға сәйкес реттелуі тиіс. Ал 2015 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер шеңберінде келісімшартқа қосымша енгізілмегендіктен, кәсіпкер өз міндеттерін заңға сәйкес орындаған.

«Мен кәсіпкердің өтінішін облыс әкімі Ермек Маржықпаевпен кездесу кезінде де айттым. Өтінішті тиісті мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдармен оңтайлы шешім қабылдауды ұсындым. Алайда кәсіпкерден әлі де болса мүлікті мемлекет меншігіне тез арада өткізуді талап етіліп отыр. Сонда жеке теңгерім бойынша кәсіпкер сатып алған мүліктің жайы қалай болмақ? Егер кәсіпкер өзінің барлық жиһаз, ыдыс-аяқ жинап, трансформаторды ағытып, су құбырларын алып, төсек-орындарын тасып әкетсе не болады? Бұл жерде сосын балаларға қалай білім бермек? Бұл туралы біреу ойлап көрді ме екен?! Кәсіпкерге әлеуметтік жауапкершілік, жылдың ортасында балаларды тастауға болмайтыны туралы айтатын болады. Ал жергілікті билік осы балалардың тағдырын 2015 жылдан бері қалай ойламады? Келісімшартқа өзгеріс енгізілмеген, бәсекелі ортаға тапсырылуы тиіс нысанның одан әрі жекешелендірілу жолдары есептелмегені қалай? Бұл жерде сыбайлас жемқорлық бойынша да, Мемлекет басшысы жолдауының орындалмауына да жол беріліп отыр ғой», - дейді Валентина Геращенко.

Мәселе бойынша аудан әкімі Әсет Мұздыбаевтың түсінік беруін өтіндік.

«Мен оларға («Мерей» ЖШС – авт.) жүз жиырма рет айтып түсіндірдім. Келісімшартты еш ұзарта алмаймыз. Бұл жемқорлық болып саналады. Бұл жерде аукцион өткізілуі керек. Олардың ғимаратқа салған қаражаты техникалық спецификацияда көрсетіледі. Олардан басқа бұл жерде ғимаратты алатын да адам жоқ. Мәселенің басқаша шешілетін жолы да жоқ», - дейді Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев.

Әкімдік жылдың соңына дейін кәсіпкердің жұмыс істеуіне рұқсат берген. Сосын одан ары ғимаратты босатуды талап етіп отыр.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары