$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.12.2020, 13:02
Оқиғалар

Щучинск балабақшасында бүлдіршіндерге дөрекілік көрсеткен тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Тәрбиеші жұмысынан босатылды

Щучинск балабақшасында бүлдіршіндерге дөрекілік көрсеткен тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды
скриншот: видео

Бурабай ауданындағы балабақшалардың бірінде кішкентай бүлдіршінге дөрекілік көрсеткен тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстарын бастады.

Әлеуметтік желіде Щучинск қаласындағы «Ағажан» шағын орталығындағы тәрбиешілердің бірі балақайға жәбір көрсетіп, отырған орындығын тартып алып, ұйқысы келмей жатқан баланы күштеп төсектен тұрғызып, 8-10 минут бойы бұрышқа тұрғызып қойғаны туралы видео жарияланды.

Аталған бейнематериал Ақмола облыстық полиция департаментіне де жетіпті.

«Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің кәмелет жасына толмағандарды бақылауды жүзеге асыруға міндетті қызметкерінің әрекеті назарға алынып, сонымен қатар, Щучинск қаласының тұрғынынан түскен өтінішке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы (Кәмелет жасына толмаған балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамау) бойынша қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазір полиция аталған іс бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», - деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Аталған баптың санкциясы бойынша, міндетіне дұрыс қарамай балақайға қатыгездікпен қараған тәрбиешіге 160 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе дәл осы мөлшерде түзету жұмыстары, яғни 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу және үш жылға дейін қандай да бір лауазымда қызмет ету құқығынан айыруды қарастырады.

Естеріңізге сала кетсек, Щучинск қаласының тұрғыны Әсем Мұқұмова әлеуметтік желіге қала балабақшасында балаларға әлімжетік көрсетілгені туралы бейнебақылау камерасының жазбасын жариялады. Қазір балабақшада прокуратура өкілдерінің қатысуымен тексеріс басталып, балаларға жәбір көрсеткен тәрбиеші жұмыстан босатылды.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары