Аңшы өз серігін қабан екен деп атып өлтірген
Оқ тиген ер адам алған жарақаты салдарынан оқиға орнында бірден жантәсілім еткен
Қайғылы оқиға осы жылдың 5 тамызында Ресейдің Грязовец ауданындағы Шильмяшево ауылында болған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Грязовец қалашығының 30 жастағы тұрғыны тиісті рұқсат қағазын алған соң достарымен бірге қабан шошқа аулауға шығады. РФ Тергеу комитетінің облыстық басқармасының мәліметінше, аңшы жігіт кенет алдыңғы тұстан әлдебір сұлбаны байқап қалады да, қабан деп ойлап мылтық шүріппесін дәлдеп басып қалады. Сөйтсе, оқ аңға өзімен бірге шыққан 46 жастағы серігіне тиген екен. Оқ тиген ер адам алған жарақаты салдарынан оқиға орнында бірден жантәсілім еткен, деп жазады «Комсомольская правда» басылымы.
Мылтық атқан жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Сот ер адамға абайсызда адам өлтіріп алғаны үшін 200 мың рубль көлемінде айыппұл салыпты. Сот үкімі әлі күшіне енбеген.