Сәтбаевта 5 жасар қыз зорлады деген күдіктінің өліміне қатысты тергеу изоляторының басшылығы жазаға тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

6 қазанда Қарағанды қаласының тергеу изоляторында күдіктінің өлі денесі табылды

Көрнекі фото: sputniknews.kz

Сәтбаев қаласында бес жасар қызды зорлағаны үшін айыпталған күдікті өз-өзіне қол салғаннан кейін қарағандылық тергеу изоляторының басшылығы тәртіптік жазаға тартылды. Бұл туралы қылмыстық атқару жүйесінің комитетінен хабарланды.

Комитет мамандары күдіктінің өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралараның жүргізілгенін жеткізді. Бірақ қылмыс құрамы анықталмағаннан кейін тергеу тоқтатылған. Сот-медициналық сараптама кезінде марқұмның денесінде зорлық-зомбылық ізі болмаған.

Ал қызметтік тергеу нәтижесі бойынша тиісті бақылауды жүргізбегені үшін бірнеше адам тәртіптік жазаға тартылды. Олардың ішінде қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшылық құрамы да бар.

Еске салайық, 23 шілде күні сағат 21:00-де Жезқазған қаласының тұрғыны Сәтбаев қаласы полиция бөліміне жүгініп, 5 жасар қызының жоғалып кеткенін хабарлады. Сәтбаев қаласының полиция бөлімінің жеке құрамы мен еріктілер қатысқан іздестіру шараларының нәтижесінде бала көпқабатты үйдің пәтерлерінің бірінен табылды. Күдікті қамауға алынды.

Алайда, ондаған адам (5 жасар қыздың жақындары) күдіктіні өз бетінше жазаламақ болып, қолына беруді талап еткен. Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін құқық қорғау күштері жұмылдырылды.

Ал 6 қазанда Қарағанды қаласының тергеу изоляторында күдіктінің өлі денесі табылды. Ол өз-өзіне қол салған.