СҚО-да синтетикалық есірткі сатумен айналысқан тұрғын 7 жылға сотталды

Ол шілде айында қылмыс үстінде ұсталған

СҚО-да синтетикалық есірткі сатумен айналысқан тұрғын 7 жылға сотталды

Үйінде синтетикалық есірткі жасап сатқан Петропавл тұрғыны сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскердің пәтерін тінту барысында 200 доза спайс табылған. Жарты жылға жуық уақыт бойы жалғасқан тергеу амалдарына нүкте қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты «спайс» деген атпен белгілі синтетикалық есірткіні дайындап, өткізумен айналысқан Петропавл қаласының 27 жастағы тұрғынын 7 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды.

СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ол полиция назарына көктемде іліккен. Мұқият жедел бақылауда ұстау нәтижесінде есірткі сатушы шілде айында қылмыс үстінде ұсталды. Жеке тексеру кезінде одан 3 грамм «спайс» табылған. Үйінде тінту жүргізу барысында 4 грамнан астам концентрат пен 78 грамнан аса дайын есірткі тәркіленген. Бұдан бөлек, грамдап өлшейтін таразы, зиплоктар (буып-түю материалдары), 800 мың теңгеден астам ақша аударымдарын растайтын чектер тәркіленген.

«Спайс» – синтетикалық каннабиноид, әсері күшті есірткінің бір түрі. Алынған концентрат 200-ге жуық доза дайындауға жеткілікті. Айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 2-б. 3-т. (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотталды. Аталған тармақ бойынша ірі мөлшердегі заңсыз есірткі айналысы бойынша жаза қарастырылған»,- дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы полиция капитаны Рахат Нұрахметов.

Қылмыскер полицейлерге өзінің 16 жастан бастап есірткі тұтынғанын мойындаған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.