Алматы облысында сырғанақ тепкен 10 жастағы қыз мерт болды

Қайғылы оқиға 19 желтоқсанда Көксу ауданында болған

Алматы облысында сырғанақ тепкен 10 жастағы қыз мерт болды
көрнекі фото: express-k.kz

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлеметінше, оқиға Мұқры тауында болған. Бұл жер балалардың ойнауына арналмаған.

«Құқық қорғау органдары тергеуді бастап, арнайы сараптама тағайындады. Тыйым салу белгілері орнатылды. Сырғанақ жеке шаруашылықта орналасқан. Шаруашылық иесіне арнайы хат жіберіледі. Төбешік қатаң бақылауда, онда үнемі рейд жүргізіліп тұрады», - делінген хабарламада.

Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасындағылар 10 жастағы қыздың жедел жәрдем бөліміне жеткенше қайтыс болғанын хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, бала алған жарақаты салдарынан оқиға орнында қайтыс болған.

«19 желтоқсан күні сағат 13:20-да Мұқыр ауылынан шыққан ата-аналар жедел-жәрдем бөліміне  өмірлік белгілері жоқ қыздың мәйітін жеткізді. Тексеру кезінде ашық ми жарақаты анықталды. Ішкі мүшелердің жарақаттануы болған және ішке қан кеткен. Травматикалық, геморрагиялық және гиповолемиялық шок. Қыз оқиға орнында бірден қайтыс болған», - деді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

Көксу ауданы әкімдігінің мәліметінше, қайғылы жағдай демалуға, сырғанауға арналмаған төмпешіктердің бірінде болған. Алина Танкенова есімді оқушы демалыс кезінде Талдықорған қаласынан ауылға қыдырып барған.

«Құқық қорғау органдары қажетті сараптамаларды тағайындай отырып, фактіні тексеріп жатыр. Нәтижелері туралы қосымша хабарлаймыз. Қайғылы жағдай болған жер шаңғы тебуге арналмаған. Арнайы тыйым белгілері де бар. Аумақ жеке шаруа қожалықтарының біріне тиесілі, оның иесіне тиісті хат жолданды», - деп хабарлады Көксу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Айманбекова. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.