Жаңаөзенде көшеден табылған сәбиді тұрғындардың бірі асырап алды
Жаңа туған сәбиін көшеге тастаған «көкек ана» әлі табылмаған
Қыркүйек айының басында Жаңаөзен қаласы «Рахат» шағынауданындағы көшелердің бірінен жаңа туған нәресте табылғаны хабарланды. Енді арада бірнеше ай өткенде анасы көшеге тастап кеткен сәбиді асырап алушы отбасы табылды.
«Асырап алушы отбасы бірінші рет баланы көруге келгенде, бәріміз көз жасымызды тыя алмадық. Бұл отбасы көптен бала күткен екен. Олар тастанды бала жайлы жаңалықтан біліп, оны асырап алғысы келген. Әзірге отбасы қамқоршы рөлін атқарады, бірақ әдетте, қамқоршылардың көбі асырап алушы ата-анаға айналады», - деді Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері Сару Ермұханова.
Анасы көшеге тастап кеткен бала алғаш табылған кезде жағдайы ауыр болды. Тексеру нәтижесінде баланың миына қан құйылғаны және бас сүйегінің зақымданғаны анықталды. Бала қажетті терапия алып, түтік арқылы тамақтандырылды.
Бала алғаш ауруханаға жеткізілгенде, оның салмағы 740 грамм болған. Үш айға жуық уақыт ішінде сәби 1 кг салмақ қосқан.
Ал Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, жаңа туған сәбиін көшеге тастап кеткен «көкек ана» әлі күнге дейін табылмаған.