СҚО-да елік атқан браконьерлер ұсталды
Екі адам қамауға алынды
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері заңсыз төрт елікті атқан күдіктілерді ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
5 желтоқсанда кезекті рейд барысында Мамлют ауданының Полиция басқармасының табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері Меңгесер аңшылық шаруашылығы қорықшысымен Катанай селосы маңында 37 жастағы Петропавл тұрғыны басқарған Nissan Hilux автокөлігін тоқтатқан. Көлікте бір қалалық және екі аудандық тұрғын болған.
Көлік салонынан қынапқа салынған тегіс ұңғылы қару, 42 патроны бар оқшантай, пышақ табылды. Жүксалғышта басы кесілген, атып алынған төрт сібір елігі болған. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Екі қарудың иесі - 54 және 48 жастағы ауыл тұрғындары күдікті деп танылды.
«Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жануарлардың денесі, қару мен автокөлік тәркіленді, қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізілуде», - дейді Мамлют ауданының ПБ бастығы Серік Әлжанов.