Алматыда оқушы қызға шабуыл жасаған адам аула тазалаушы болып шықты
Қыздың заңды өкілдерінің көзінше 1969 жылғы күдікті танылды
Алматыда 12 жастағы оқушы қызға шабуылдаған ер адам анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бостандық ауданының Полиция басқармасының мәліметінше, күдікті ұсталды және оның аты-жөні анықталған.
«Қыздың заңды өкілдерінің көзінше 1969 жылғы күдікті танылды. Ол жергілікті Пәтер иелері кооперативінде аула тазалаушы болып жұмыс істейді, сол ықшамаудандағы үйлердің бірінің жертөлесінде тұрады. Оның айтуынша, таңертең мас күйде дүкенге бара жатқан жолда қызды көріп, оны қорқытпақшы болған. Алдағы уақытта күдіктінің жауаптары тексеріледі, дәлелдер жиналып, нақты шешім қабылданады», - деді Бостандық ауданының Полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Дәурен Өтебаев.
Еске салсақ, Алматыда зорлықшының № 60 мектеп-гимназиясының маңында оқушы қызға пышақпен тап беріп, шабуыл жасағанын хабарлаған едік. Оқиға 19 қарашада сағат 10:30-да мектептен 500 метр жерде болған. Анасының айтуынша, қыз бала әзер дегенде құтылып, гимназияға қарай қашқан. Ер адам жылап бара жатқан қыздың артынан қуған.