Сот шешіміне сәйкес, Ильяс Храпунов БТА Банкіне 500 млн АҚШ долларынан астам қаражатты қайтаруға міндетті екен
«Женева прокуратурасы БТА Банкінің бұрынғы иесінің күйеу баласы Ильяс Храпуновқа қатысты қылмыстық істі қарауда. Ол БТА банктен ұрланған қаражаттардың ізін жасырды деп айыпталады», - дейді БТА банкінің ресми сайтында.
Сот шешіміне сәйкес, Ильяс Храпунов БТА Банкіне 500 млн АҚШ долларынан астам қаражатты қайтаруға міндетті екен.
«Сонымен қатар БТА банкі Ильяс Храпуновтан берешекті өндіріп алу процедурасын бастады. Ол Храпуновтың Швейцария, Люксембург, Бельгия мен Лихтенштейндегі мүліктерін іздеу және оларға тыйым салу процедурасын қамтиды. Бұл әрекеттер Лондонның Жоғарғы сотының 2018 жылғы 21 маусымдағы шешімдері негізінде және Еуропалық Одақ елдері арасында жасалған халықаралық келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады. Жоғарғы сот шешіміне сәйкес Ильяс Храпунов БТА банкіне 500 млн АҚШ долларынан астам қаражатты қайтаруға міндетті», -делінген.
Сондай-ақ Женева соты И.Храпуновтың қайын атасы Мұқтар Әблязовқа банктің ұрланған қаражатын жасыруға ықпал еткендігі дәлелденді деп есептейді.
«2019 жылғы 29 тамызда Женева қаласының бірінші инстанциялы азаматтық соты Ильяс Храпуновтың өндірісті тоқтату және Жоғарғы соттың 2018 жылғы 21 маусымдағы «Ильяс Храпуновтың БТА банкіне 500 млн АҚШ долларынан астам қаражатты қайтаруы туралы» шешімдерінің күшін жою туралы өтінішін қабылдамады. Сот И.Храпуновтың қайын атасы Мұқтар Әблязовқа банктің ұрланған қаражаттарын жасыруға ықпал еткендігі дәлелденді деп есептейді. Сот құжаттарына сәйкес ұрланған қаражаттар Швейцариядағы және Люксембургтегі қаржы делдалдарының, сондай-ақ оффшорлы компаниялардың шоттарына аударылған және одан әрі Швейцария, Люксембург, Лихтенштейн, Франция, Нидерланд пен АҚШ-та активтерді сатып алуға жұмсалған», - дейді банктің ресми сайты.
Даудың басы....
Лондонның Жоғарғы Сотымен сот даулары 2009 жылы 6 млрд доллардан астам қаражатты ұрлады деп айып тағылған БТА банкінің Мұхтар Әблязовқа және оның сыбайластарына қатысты талап-арызы бойынша басталды. 2009 жылы Лондонның Жоғарғы соты Мұхтар Әбілязовтың мүлкін тәркілеуге шешім шығарды, осыған сәйкес оны қолданыстағы активтері туралы ақпаратты жария етуді міндеттеді. Осы ақпаратты ұсынудан бас тартқаны үшін сот Әблязовты 22 ай түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Бірақ сотталушы Ұлыбританиядан қашты.
Швейцариядағы сот отырысында Мұхтар Әблязовтың қызы Мадина Храпунованың жұбайы Ильяс Храпунов ортақ жауапкер ретінде әрекет етеді, себебі ол Швейцариядағы делдалдар және оффшорлы компаниялар арқылы БТА банкінің қаражаттарын инвестициялауды ұйымдастырған. Сонымен қатар ол ұрланған қаражаттың Батыс Еруопа мен АҚШ-тағы жылжымайтын мүлікке жұмсалуына қатысқан. Әсіресе, Мұхтар Әблязовтың сыбайластарымен Нью-Йорктегі Trump SoHo кешенінен бірнеше апартаменттер сатып алу фактісі анықталды.