Торғай өңірінде адамға қасқыр шапты

Түз тағысы әйел адамның қарын тұсын тістеп алған

 

Торғай өңірінде адамға қасқыр шапты
Фото: ашық дереккөзден

Торғай өңірінде 28 жастағы келіншекке қасқыр шапты. Түз тағысы әйелге тап беріп, қарын тұсынан тістеген. Абырой болғанда, келіншек аман қалды. Мұны жергілікті әкімдік өкілдері растады, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Көкжал Ақкөл ауылынан 30 шақырым жердегі қыстаққа келіп, сол маңдағы сойылған малдың ішек-қарнын жеген көрінеді. Үйден шыққан отанасына тап беріп, оны тістеп алған. Осы мезетте атпен қуған отағасына да жыртқыш қарсы атылған. Атты адамға шапқан қасқыр құтырған болуы мүмкін деген болжаммен аңшылар ізіне түсіпті.

«Сызай қонысы біздің ауылдан 30 шақырым жерде. Шаруа қожалықтың қыстауы ғой. Қасқыр ауылға кіріп жатыр деген дерек жоқ. Тіркелмеген. Құтырған қасқыр ма, ол жағы нақты белгісіз. Соны тексеру үшін аңшылар шығып іздестіріп жатқан», - деді Ақкөл ауылдық әкімдігінің бас маманы Әсет СМАҒҰЛОВ.

Қасқыр тістеген келіншек дереу аудандық ауруханаға жеткізілді. Оған құтырма дертіне қарсы екпе салынған. Денсаулығына қауіп жоқ дейді ақ халаттылар. Қарнында тістің ізі қалғанын айтты. Қазір үйіне босатылыпты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.