Жалға берілетін тұрғын үй орнынан төрт адамның: ерлі-зайыпты мен олардың екі баласының мәйіті табылды
13 желтоқсан күні таңғы сағат 05.40-та Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында жеке тұрғын үйден, атап айтқанда, уақытша тұрғын үй аумағынан өрт шығып, 4 адам қаза тапты. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өрт туралы хабарламаны ала салысымен, ТЖД Өртке қарсы қызметтің қызметкерлері оқиға орнына 5 минутта жеткенімен, өкінішке қарай, үй иелерін құтқарып қала алмады.
«Өртті сөндіру барысында жалға берілетін тұрғын үй орнынан төрт адамның мәйіті табылды, олар: 1992 жылы туған ер азамат пен 1997 жылы туған жұбайы және олардың 2017 және 2019 жылы туған екі ұлы», - делінген ТЖД хабарламасында.
Өрт сағат 06.09 минутта ауыздықталып, 06.45 минутта сөндірілді. Өрттің көлемі 40 шаршы метрді қамтыған. Өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнына Алматы облысы ТЖД Өрт сынақ зертханасы жіберілді.
ТЖД өкілдері тұрғын үйде өрттің пайда болуын болдырмау үшін келесі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға кеңес береді:
- электр сымдарының жарамдылығын бақылаңыз;
- электр аспаптарын, плиталарды жарамды күйде, жанбайтын тұғырықтарда, перделерден және жиһаздардан алшақ ұстаңыз;
- бір желіге бірнеше жоғары қуатты электр аспаптарын қосуға жол бермеңіз, бұл электр желісінде шамадан тыс жүктеуге әкеледі;
- киімдерді кептіру үшін жылытқыштарды пайдаланбаңыз;
- үй-жайларды жылыту үшін газ плиталарын пайдаланбаңыз;
- үйден шыққанда немесе ұйықтар алдында жанып жатқан пештердің, газ және электр жабдықтарының өшірілгеніне көз жеткізіңіз;
- жылыту пештерін уақтылы жөндеңіз, түтіндіктерді күйеден тазартыңыз;
- сіріңкелер мен тұтандырғыш құралдарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз, жас балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- төсекте темекі шекпеңіз.