Көкшетауда тұрғын үйден өрт шығып, бір адам қаза тапты
63 жастағы ер адам өртті өз бетінше сөндірмек болған

Көкшетау қаласындағы тұрғын үйлердің бірінен шыққан өрт бір адамның өмірін жалмады. Бұл туралы Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Өрт сөндіру кезінде тұрғын үйден 63 жастағы ер адамның мәйіті табылған.
«Өрт түнгі сағат үштер шамасында үйдің кіреберіс дәлізінде тұтанғаны анықталды. Үй иелері газдың иісінен оянған. Ер адам терезені сындырып, жұбайын бірге алып шыққан. Әйеліне көршілерді көмекке шақырып, өрт сөндірушілерге хабар беруін айтқан. Ал өзі үйге қайта кіріп, өртті өз бетінше сөндіруге ұмтылған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенде, ер адам өлі күйінде табылды», - дейді Көкшетау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Әсет Жақсылықов.
Өрт таңғы сағат 05:05-те толықтай сөндірілген. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 13 қызметкері мен 3 техника бірлігі жұмылдырылған.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы