Тоқтап тұрған пойызға гитарасын ұрып сындырған атыраулық жауапқа тартылды
Хаттама Атырау облысы Қызылқоға аудандық сотына жолданды
Instagram әлеуметтік желісінде жолаушылар пойызының жанында жігіттің қатты дауыстап, пойызға гитарасын ұрып сындырған видео жарияланды.
Көлік полицейлері бұл оқиғаның 8 желтоқсан сағат 00:30-да Атырау облысының Сағыз станциясында болғанын анықтады. Ақтөбе – Атырау бағытындағы пойыз тоқтап тұрған кезде 17 жастағы азамат қоғамдық орында тәртіп бұзып, айналасындағы адамдарға сыйластық танытпаған. Құқық бұзушының айтуынша, ол досын Атырау қаласындағы қорғаныс істері жөніндегі басқармаға шығарып салуға келген.
Аталған факт бойынша ҚР Әкімшілік кодексінің 434-бабы 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Қызылқоға аудандық сотына жолданды.
Мұндай бұзақылық үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу қарастырылған.