Қызылорда облысында жатақхана өртеніп, 3 жұмысшы қаза тапты
Өрт жұмысшыларға арналған контейнер типті жатақханадан шыққан
Қызылорда облысындағы кен орнында жатақхана өртеніп, 3 жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлиге сілтеме жасап.
«Оқиға «Қызылорда-Құмкөл» тасжолының 108-шақырымындағы «Бектас-Қоныс» кен орнында болды. Өрт жұмысшыларға арналған контейнер типті жатақханадан шыққан. Жақын жердегі өрт сөндіру бөліміне дейінгі арақашықтық – 160 шақырым. Жатақхананың жалпы аумағы 2500 шаршы метрді құрайды», - деп жазылған хабарламада.
Аумақта 100 контейнер орналасқан, оның 48-і өртенді. Оқиға орнында 3 адамның мәйіті табылған. Онда барлығы 30 жұмысшы тұрған. Оның 27-сі өрттен кейін 19 км қашықтықта орналасқан асханаға орналастырылды.