Түркістан облысында есірткі айналымына қатысты 400-ге жуық дерек тіркелді
Оның ішінде есірткі контрабандасы – 29
Түркістан облысында осы жылдың 10 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 383 дерек тіркелді, оның ішінде 186-сы қылмыс және 197-сі қылмыстық әрекет. Бұл туралы polisia.kz хабарлайды.
Нақтырақ айтсақ, есірткі сату – 61, аса ірі көлемде есірткі сақтау – 20, есірткі контрабандасы – 29, есірткі өсімдігін заңсыз егіп-өсірудің 75 дерегі анықталды. Сондай-ақ, заңсыз айналымнан жеті тоннаға жуық есірткі заты тәркіленді. Сотқа 154 іс жолданып, 147 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Мәселен, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қараша айында Мақтаарал ауданының тұрғыны 6 гр «марихуана» сатқаны анықталып, құрықталды. Әрі қарай үйіне тінту жүргізу кезінде сегіз дана сіріңке қорабы және қағазға оралған жалпы салмағы 21 гр марихуана тәркіленді. Күдікті қамауда.
Одан бөлек, Келес ауданында 6 гр марихуана сатқан тұрғындардың бірі анықталып, құрықталды. Тінту жүргізу кезінде оның үйінен бір дана қағазға оралған салмағы 23 гр-нан асатын марихуана есірткі заты тәркіленіп алынды. Күдікті қамалды.
Сонымен қатар есірткі сатқан Төлеби ауданының тұрғыны да ұсталды. Бас шарасы қамауда. Аталған қылмыстық істерге қатысты тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабымен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) жүргізілуде.