Шымкентте жоғалған 12 жасар қыз Тараздан табылды
Полицейлер жасөспірімді Алматыға баратын автобус ішінен тапқан
26 қараша күні «102» нөміріне жергілікті азаматша хабарласып, бір күн бұрын жасөспірім қызының жоғалып кеткенін айтып, көмек сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жайт бойынша Шымкент қаласы ПД Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері шұғыл іздеу шараларына кіріседі.
«Көпбалалы отбасыдан шыққан оқушы сол күні «Алаш» базарына барып, қайта үйіне оралмаған. Іздестіру жұмыстарына кіріскен тәртіп сақшылары қызды Шымкент – Алматы бағытындағы жолаушылар көлігінде кетіп бара жатқан сәтінде, Тараз қаласынан тапқан», - делінген хабарламада.
Абай ауданы Полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Орынбек Өмірзақ анасы мен қызын аман-есен қауыштырып, Шымкент қаласына жеткізген. Қазір жасөспіріммен психолог маман профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Өз кезегінде қыздың анасы тәртіп сақшыларына алғыс айтып, ризашылығын жеткізді.