БҚО-да ақбөкен аулаған браконьерлер ұсталды
Ақбөкендерді жою нәтижесінде мемлекетке 700 млн теңгеден аса шығын келтірілген
Батыс Қазақстан облысында ақбөкен аулаған браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ІІМ Криминалдық полиция департаменті Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментімен бірлесіп, 2019 жылдың қыркүйегінен бастап 2020 жылдың мамырына дейін облыс аумағында киіктерді заңсыз аулаумен және олардың мүйіздерін өткізумен айналысқан екі қылмыстық топты әшкереледі. 11 адам қылмыстық жауапқа тартылып жатыр», - деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері 700-ден аса киік мүйізін, тоғыз бірлік атыс қаруын, жеті жол талғамайтын автокөлікті, екі қарда жүргіш пен екі мотоциклді, түнде көру құралдарын және ұйымдасқан қылмыстық топ пайдаланған басқа да заңсыз заттарды тәркіледі. Ақбөкендерді жою нәтижесінде мемлекетке 700 миллион теңгеден аса шығын келтірілген.